Ақмола облысында мас ер адам полицейлерді балағаттаған
Ақмола облысында мас ер адам полицейлерді балағаттаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
1 желтоқсанда сағат 02:00 шамасында Бурабай аудандық полиция бөлімінің «102» пультіне Щучинск қаласының ойын-сауық мекемелерінің бірінің әкімшілігінен кафеге келушінің қоғамдық тәртіпті бұзғаны, өзін дұрыс ұстамағаны туралы хабарлама келіп түсті.
Шақыруға келген патрульдік полиция ротасының қызметкерлері тәртіп бұзушыны тыныштандыруға тырысты, алайда ер адам тәртіп сақшыларына қарсылық көрсетіп, мекеме келушілеріне дөрекі сөз айтты. Полицейлер арнайы кісендерді қолдануға мәжбүр болды және медициналық куәландырудан өткеннен кейін 41 жастағы жергілікті тұрғынды аудандық полиция бөліміне жеткізді. Ер адам полицейлерді балағаттаған. Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, ақмолалық орта дәрежелі мас күйінде болған.
Осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 378-бабы 1-бөлігі (Билік өкілін қорлау) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Сараптама тағайындалды. Ақмола полицейлері азаматтарға қызметтік міндеттерін жүзеге асыру кезінде билік өкілдеріне тіл тигізгені, бағынбағаны және қарсылық көрсеткені үшін жауапкершілік барын ескертеді.