Павлодарда жолаушыларды заңсыз тасымалдаған такси жүргізушісі анықталды
Павлодарда жолаушыларды заңсыз тасымалдаған такси жүргізушісі анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысының полицейлері «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасының бірінші күні жолаушы тасымалдайтын көлік жүргізушілері жасаған 128 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.
– Көлік жүргізу кезінде телефон пайдаланғаны үшін 25, маневр жасау ережесін бұзғаны үшін 15 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көптеген жүргізушілер жылдамдықты асырғаны үшін жауапқа тартылды. Міндетті техникалық байқаудан өтпей, жолға 9 жүргізуші шықты. 11 жүргізуші автокөлікті заңсыз жабдықтады, – деп хабарлайды Павлодар облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Қуаныш Мұстафинов.
Түрлі заң бұзушылыққа жол бергені үшін автобазалардың үш лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. ҚР ӘҚБтК 617-бабына сәйкес үш көлік айыптұраққа қойылды.
– Мәселен, патрулдеу кезенде Ақсу қаласы Ленин көшесі бойында 41 жастағы жүргізушінің басқаруындағы Daimler Chrysler көлігі тоқтатылды. Тексеріс барысында қала тұрғыны бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылғаны анықталды. Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚбтК-нің 612-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, – деді спикер.
Тағы бір жағдайда Қамзин-Астана көшелерінің қиылысында жаяу жүргіншіні өткізбей тұрған Lada Granta көлігі тоқтатылды. Тексеру барысында 32 жастағы азаматтың Indriver қосымшасы арқылы жолаушыларды заңсыз тасымалдаумен айналысқаны, яғни жолаушыларға сақтандыру полисі болмағаны және қосымша табыс туралы Павлодар облысының Мемлекеттік кірістер департаментіне хабарлама жіберілмегені анықталды.
Аталған факті бойынша жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 600-бабы 1-бөлігі бойынша, сондай-ақ ҚР ӘҚБтК-нің 463-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Материал сотқа жіберілді.
ӘҚБтК-нің 600-бабына сәйкес жол қозғалысы кезінде артықшылықты пайдаланатын көлік құралдарының жүргізушілерін қоспағанда, жаяу жүргіншілерге немесе жол қозғалысының басқа да қатысушыларына жол беру бөлігінде жол қозғалысы ережелерінің талаптарын орындамағаны үшін 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салу түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.