Маңғыстауда сотталғандар пластиктен есік пен терезе жасайды
Маңғыстауда сотталғандар пластиктен есік пен терезе жасайды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті №43 мекемесінде сотталғандарды еңбекпен қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын ашу, өндірістік аумаққа кәсіпкерлерді тарту бойынша жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қауіпсіздігі барынша төмен мекемесі болғандықтан сотталғандар мекемеден тыс аумақта орналасқан кәсіпорындарда жұмыс істеуге құқылы.
Келісімшарт негізінде Ақтау қаласында №43 мекемесіне іргелес орналасқан «Mangistau eco plus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі пластиктен терезелер мен есіктер жасап шығарады. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
– Сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімімен бірқатар сотталған ақылы еңбекпен қамтылып, осы кәсіпорында жұмыс жасайды. Тағы да бірнеше жазасын өтеушілердің осында жұмысқа орналастыру бойынша құжаттары әзірленіп жатыр. Аталған кәсіпорында жұмысшылардың арнайы киімінен бастап барлық жағдайы жасалған. Түскі ас уақытында мекемеге барып-келуге де ыңғайлы, – дейді қоныс-колониясының сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімінің инспекторы Ербол Асанбаев.
«Mangistau eco plus» ЖШС-нің өндірістік цехында терезелер мен есіктер тапсырысқа байланысты дайындалады. Терезелердің әйнектері де түрлі-түсті болуы мүмкін. Қазір жұмысшылар жаңа тапсырыс алды. Олар Ақтауда бой көтерген көп қабатты жаңа үйлерге терезелер дайындап жатыр.
Жалпы, жұмыспен қамтылған сотталғандарға жұмыс беруші тарапынан керекті құрал-саймандары, киім-кешектері берілген. Өндірістік жарақатты болдырмау, оның алдын алу үшін инспекторлар сотталғандармен қауіпсіздік ережесі туралы нұсқаулықты күнделікті жүргізеді.