Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жезқазғанда ІІО ардагері ұрыларды ұстады

Жезқазғанда ІІО ардагері ұрыларды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

16 желтоқсан күні сағат 23.00-де Ұлытау облысының Жезқазған қаласы Полиция басқармасының кезекші бөліміне Марғұлан көшесінде белгісіз біреулер кабельді ұрлауға әрекеттенгені жайлы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына дереу жеткен тәртіп сақшылары мән-жайды анықтай келе, бұрынғы полиция қызметкері Ерғали Сатибалдиннің ұрыларды ұстағанына көз жеткізді. Ардагер полицейдің кәсіби шеберлігі мен ептілігі, ұрылардың арам ойын іске асырмай, қылмыстың жолы кесілді.

Ерғали Сатыбалдин 14 желтоқсанда қала көшелерімен серуендеп жүріп, белгісіз адамдардың құрылыс алаңында жүргенін көріп, көңіліне күдік ұялаған. Бұл азаматтардың әрекеттері күдікті болып көрінгендіктен оларды қадағалауға шешім қабылдайды. Ол кабельді қиып алмаққа әрекет жасағандарды екі күн бойы аңдып, қолайлы сәтті күтеді. 16 желтоқсанда түнгі уақытта ұрылар алдын ала әзірлеп қойған ұрланған мүлікті көлікке тиеп, оны алып кетпек болған кезде ІІО ардагері көлігімен жолды жауып, ұрылардың қылмыс орнынан кетуіне жол бермеді. Содан кейін оқиға туралы полицияға хабарлады.

Ішкі істер органдары ардагерінің жедел әрекетінің арқасында күдіктілер, яғни 37 жастағы екі ер адам оқиға орнында ұсталды. Зейнеткердің көтерген дабылына патрульдік полиция ротасының қызметкерлері мен жылдам қимылдайтын арнайы жасақ жауынгерлері дереу оқиға орнына жетіп, ұсталғандарды жедел түрде полицияға үшін жеткізді. Күдіктілер ұзындығы 1 км кабельді ұрламақ болғанын мойындады. Материалдық шығын сомасы 3 млн теңгені құрады. Күдіктілер кабельді ұрлап, осылайша заңсыз пайда табуды көздегендерін түсіндіріп, қылмысын мойындады.

Аталған дерек ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Полицейлер ұсталғандардың басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде.

Жезқазған қаласының Полиция басқармасының бастығы Асқар Сәдуақасов зейнеткердің белсенді азаматтық ұстанымын атап өтіп, көрсеткен ерлігі үшін алғыс білдіріп, ақсақалға алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру