Үйінде есірткі сақтаған Шу тұрғыны ұсталды
Үйінде есірткі сақтаған Шу тұрғыны ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
15 желтоқсанда Шу қаласының 32 жастағы тұрғыны есірткі заттарын сақтады деген күдікпен ұсталды. Жедел-іздестіру іс-шараларын Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жүргізді.
Күдіктінің тұрғылықты жерін тінту барысында үйінің дәлізінде салмағы 1 келі 285 грамм кептірілген марихуана есірткі заты бар ақ түсті пакет табылып, тәркіленді. Ұсталған азамат өз кінәсін толығымен мойындады және Шу қаласының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
– Қазіргі уақытта осы дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігі (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Аса ірі мөлшерде есірткі затын сақтағаны үшін 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған, – деп атап өтті облыстық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев.