Ақмола полицейлері боранда жолда қалып қойған отбасына көмектесті
Ақмола полицейлері боранда жолда қалып қойған отбасына көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция мен жол қызметінің қызметкерлері қиын жағдайға тап болған отбасына көмекке асықты. 3 қаңтарда елордада тұратын отбасылық жұп Toyota Camry автокөлігімен Көкшетау қаласынан үйіне қайтып бара жатты. Көлікте ата-анасымен бірге үш жасар қыз бала болған. Қыздың анасының айтуынша, Жаңаталап кентінің жанындағы Петропавл – Астана автожолында қозғалтқыш істен шыққан.
Ауа райы нашарлап, қысқа уақыт ішінде ерлі-зайыптылардың көлігі салқындап, боран мен оның салдарынан нашар көріну пайда болған. Жол қызметінің қызметкерлері қиындыққа тап болған адамдарды көріп, бұл туралы полицейлерге хабарлады.
Бұланды АПБ ЖПҚБ бастығы Ернар Қайыржанов пен учаскелік инспектор Р. Мұстафин автокөлікті дереу қауіпсіз жерге сүйреп апарды. Кейін көлік жақын маңдағы елді мекенге жеткізіліп, отбасын жатын орынмен қамтамасыз етті. Келесі күні 4 қаңтарда зардап шеккендердің көлігі елордаға жөнелтілді. Болған оқиға туралы астаналықтар Ақмола облысы ПД-ның Instagram әлеуметтік желісіне жазып, көмек көрсеткендердің барлығына алғыс сөздерін білдірді.