Елорданың екі тұрғыны қоймаларға ұрлыққа түскен
Елорданың екі тұрғыны қоймаларға ұрлыққа түскен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға тұрғын үй тұрғындарынан автотұрақта орналасқан қоймалардан ұрлық қылмысы бойынша бірнеше өтініш келіп түсті. Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу кезінде Байқоңыр ауданды Полиция басқармасының қызметкерлері бірқатар ұрлық жасады деген күдікпен 21 және 27 жастағы жігіттерді анықтады. Екі айдың ішінде олар түнгі уақытта Уәлиханов көшесіндегі көппәтерлі үйдің кіреберістеріне кіріп, содан кейін күзетті айналып өтіп, автотұраққа кіріп кеткені анықталды. Бөгде адамдардың жоқтығын пайдаланып, бұрағышпен және тістеуікпен құлыпты бұзған, содан қоймаға кіріп, тұрғындардың мүлкін ұрлаған.
Күдік тудырмау үшін ұрланған балалар жөргектерімен, үрлемелі қайықпен және аккумулятормен басқа кіреберістерден шыққан. Қазіргі уақытта аталған аудан бойынша ұрлықтың 5 эпизоды бар. Заттай дәлелдемелер ішінара тәркіленді. Жалпы, келтірілген шығын шамамен 1,5 млн теңгені құрады.
Ұрлықтың тағы екі эпизодына қатысы бары анықталды. Бұл жолы қаскүнемдер Есіл ауданын таңдады. Сығанақ көшесіндегі тұрғын үйдің 14 қабатына көтеріліп, техникалық қабаттың есігін бұзу арқылы кабельдерді кесіп алған. Содан кейін қосалқы бөлменің шеберханасына түсіп, бейнекамера, бақылау камерасын және ламинатты жасырын түрде алып шыққан. Ұрлық күндізгі уақытта болған. Келтірілген шығын 830 мың теңгеден астам мөлшерде бағаланды. Барлық эпизодтар бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Құқық бұзушылар ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмысқа қатыстарының бар-жоғы тексеріліп жатыр. Елордалық Полиция департаменті тауарлық-материалдық құндылықтар сақталатын үй-жайларға сапалы құлыптар мен бейнебақылау камераларын орнатуды ұсынады.