Түркістан облысында полицейлер парасаттылыққа тексеріліп жатыр
Түркістан облысында полицейлер парасаттылыққа тексеріліп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Сапардың төрағалығымен маңызды іс-шара ұйымдастырылды. Онда ішкі істер органдарының жұмыс ерекшеліктерін ескеріп, парасаттылыққа, одан кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруға тексеру жобасы айтылып, талқыланды.
Жалпы, парасаттылыққа тексеру – мемлекеттің, ішкі істер органдары имиджінің жоғарылауы мен халықтың билікке деген сенімін арттыруға септігін тигізеді. Осы ретте жиынға қатысқан жеке құрамға мемлекет басшысымен Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы бойынша парасаттылыққа тексерудің жеке құрамға арналған жадынамасы таратылды.
– Құрметті әріптестер! Сіздердің әрқайсыңыз халықпен тығыз байланыста болғандықтан, парасаттылық үлгісін қалыптастыру керексіздер. Ал бұл қызметтеріңіз әрдайым бақылауда. Яғни, патрульдік, ювеналдық, көші-қон саласы, учаскелік полиция пунктері, кезекші бөлімдер және барлығы тексерілетін болады. Ол жерде қызметкерлердің сыпайылығына, азаматтармен қарым-қатынасына, ең бастысы азаматтардың өтініштеріне жедел түрде іс-әрекет етулеріне басымдық беріледі. Сонымен қатар қызметкерлердің сыртқы келбетіне, материалдық-техникалық жабдықталуы, қызметтік планшеттерді, бейне тіркегіштерді және қызметтік автокөліктерді мақсатты пайдаланулары да тексерілетін болады. Сондықтан талапқа сай қызмет етіңіздер, – деп жиынды қорытындылады Б.Сапар.