Мас күйде көлік тізгіндеген түркістандық қамауға алынды
Полицейлер мас күйде көлік басқарған 51 жастағы жүргізушіні 20 тәулікке қамауға алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түлкібас ауданында тәулік бойы қызметте жүрген полицейлер мас күйде көлік басқарған жүргізушіні анықтап, соның салдарынан болуы мүмкін жол-көлік оқиғасының алдын алды.
Нақтырақ айтсақ, полиция қызметкерлері Т.Рысқұлов ауылы көшелерінің бірінен жүрісі күмәнді Daewoo Lanos көлігін тоқтатқан.
Тәртіп сақшылары жүргізушінің құжаттарын тексеру кезінде, оның жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарғанын анықтады. Сондай-ақ жүргізушінің масаң күйде екендігін байқап, бірден медициналық сараптама тағайындалды. Оның қорытындысымен жүргізушінің есірткілік масаң күйде автокөлік басқарғаны белгілі болды.
Аталған жайт ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 6-бөлігі (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша тіркелді.
Осылайша жол ережесін бұзушыға қатысты тиісті шешім қабылдау үшін жинақталған іс құжаттар сотқа жолданды. Соттың шешімімен 51 жастағы тұрғын 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.