Еліміздің оңтүстігінде ҚАЖ қызметкерлерімен ұрланған қару-жарақ жасырылған орын табылды
Алматы облысы және Жетісу облысы бойынша ҚАЖД қарасты №10 мекеме қызметкерлері Көксу ауданының полиция бөлімімен бірлесіп, қару-жарақ жасырылған орын тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz
Көксу ауданының Тентек станциясындағы қараусыз қалған үйде, Алматы облысының ҚАЖ қызметкерлері Көксу ауданының полиция қызметкерлерімен бірлесіп, ұрланған қару-жарақ орнын анықтады.
Жасырылған жерден рид-5 гранатасы, 5.45, 7.62 және 16 калибрлі отыз үш дана патрон және де Reck газ тапаншасы тәркіленді.
Алдын ала мәліметтер бойынша, табылған қару-жарақтар қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорған қаласының полиция ғимаратынан ұрланған екендігі анықталды.
– Жыл ішінде Алматы облысы және Жетісу облысы бойынша ҚАЖ қызметкерлерімен барлығы жиырмаға жуық қару мен екі мыңнан астам түрлі калибрлі оқ-дәрілер тәркіленді, – деп мәлімдеді ҚАЖД бастығы Игілік Хасенов.
Осы факт бойынша Көксу ауданының полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 287-бабы 3-бөлігі (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады және баллистикалық сараптама тағайындалды.