СҚО-да заңсыз аң аулағандар ұсталды
СҚО-да заңсыз аң аулағандар ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түнгі уақытта СҚО Қызылжар ауданы ауылдарының бірінде учаскелік полиция инспекторы Әлібек Илюбаев оқтың атылғанын естіді. Ол және Соколовка ауылының кенттік полиция бөлімшесі бастығының орынбасары Бақтияр Күзембаев дереу тексеруге аттанды. Елді мекеннің шетінде тәртіп сақшылары атылған сібір елігін шанамен алып бара жатқан адамды байқады. Ол 43 жастағы ауыл тұрғыны болып шықты. 40 жастағы тағы бір жергілікті тұрғынның қатысы бары анықталды. Оның үйінде тіркелмеген 2 бірлік қару табылды: ИЖ бір оқпанды және ТОЗ екі оқпанды мылтықтары.
– Атыс елді мекен аумағында болған. Бұл факт ҚР ҚК-нің 337-бабы (Заңсыз аңшылық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Қару мен малдың ұшасы тәркіленді, сараптама тағайындалды. Естеріңізге сала кетейік, ҚР ҚК 337-бабының санкциясы 3 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуды немесе 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді, — дейді аудандық ПБ бастығы Әлихан Байқадамов.