Елордада автокөлік жуу орнының қызметкері клиенттердің көлігін айдап кеткен
Елордада автокөлік жуу орнының қызметкері клиенттердің көлігін айдап кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордалық полиция қызметкерлері Ақмола облысының ПД әріптестерімен бірлесіп, Астана аумағындағы сериялық айдап кету фактілеріне қатысы бар Ақмола облысы Степняк ауылының 25 жастағы тұрғынын ұстады.
Майлин көшесіндегі автожуу әкімшілігі полицияға екі көлікті заңсыз иемдену туралы арызбен жүгінген. Хабарланғандай, ұйымның жаңа қызметкері түнге қалдырылған Hyundai Accent және Chevrolet Cobalt маркалы екі автокөлікті айдап кеткен.
Тергеу барысында көлік жуу орталығының қызметкері түнгі уақытта бірінші Chevrolet Cobalt көлігінің рөліне отырып, қызмен қала жолдарын аралағаны анықталды. Шарль де Голль көшесінде көлік тоқтап қалғаннан кейін, жас жігіт жұмыс орнына қайта келіп, Hyundai Accent көлігін айдап кеткен. Бұл жолы ол қала сыртындағы үйге қарай жол тартқан.
Бейнебақылау камераларын зерделеу барысында жедел уәкілдер қаскүнемнің жүру жолын белгілеп, оны ұстау бойынша бағдар берген. Сондай-ақ Ақмола облысындағы әріптестеріне де бағдар берген.
Қазіргі уақытта барлық фактілерге қатысты ҚР ҚК-нің 200-бабы (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жас жігіт қамауға алынып, бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Астана қаласының полиция департаменті азаматтарға автокөліктен шыққан кезде қырағы болуды ескертеді, барлық есіктер мен терезелердің сенімді жабылғанын тексеру қажет. Ұрлықты болдырмау және көлігіңіздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полицейлер көлік кілттерін бейтаныс адамдарға бермеуге кеңес береді.