Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысының бас полицейі тұрғындарға есеп берді

Қызылорда облысы бойынша полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожабаев халыққа есеп берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Облыс орталығындағы Достық үйінде Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожабаев халыққа есеп берді. Жиынға үкіметтік емес ұйымдары, Ардагерлер кеңесі, облыс және қала тұрғындары қатысты. Аталмыш шара тікелей желіге қосылды.

Есептік кездесудің өтуі жөнінде әлеуметтік желілерде және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында алдын ала арнайы хабарландыру жарияланған болатын. Бұл хабарландыруға сәйкес, облыс және қала тұрғындары өз сауалдарын әлеуметтік желілер арқылы жолдауларына мүмкіндік алды.


Халық алдында есеп беру кездесуін облыстың бас полицейі ашып, қылмыстық ахуал мен қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы атқарылған жұмыс туралы айтып, өткен 2022 жылды және ағымдағы жылдың есепті мерзімін қорытындылады. Полиция қызметі көп салалы болғандықтан, өзекті бағыттарға тоқталып өтті.


Жалпы, Қызылорда облысында жедел жағдай тұрақты. Өткен жылы облыс көлемінде тіркелген қылмыстар саны 14 пайызға, мал ұрлығы, тонау, бұзақылық, алаяқтықтың саны төмендеді.


10 мың халыққа шаққанда қылмыс деңгейі республикада 88 бірлікті құраса, облыста бұл көрсеткіш 43-ті құрады. Бұл ретте Қызылорда облысының бас полицейі өңірдің ахуалы тұрақты аймақтардың бірі екендігін атап өтті.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша “полиция қадамдық қолжетімділікте” қағидаты аясында ішкі істер органдары ауқымды және терең сапалы өзгерістер енгізуді бастады. Негізгі мақсат – халықтың сенімін арттыру, бюрократиядан арылу, адамның сұранысына бағытталған жұмыс моделіне көшу. Бұл бағытта жұмыс процестерін автоматтандыру, цифрландыру және оптимизациялау шаралары туралы да айтылды. Тәртіп сақшылары мен халық арасындағы өзара іс-қимылды жандандыру полиция қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттыратынын алға тартты.


Сонымен қатар жиын барысында полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожабаев қоғамдық тәртіпті сақтау және заңдылықты нығайту жолында азаматтық парызына адалдықпен қарап, құқық бұзушылықтардың жолын кесуге үлестерін қосып, қырағылық танытқан белсенді облыс тұрғындарын алғыс хатпен марапаттап, арнайы дайындалған  естелік сыйлықтарды табыстады.

Жалпы, халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын жедел және сапалы қарау мәселесі полиция қызметіндегі маңызды бағыт екендігі белгілі. Полиция департаментінің бастығы тұрғындардың, оның ішінде әлеуметтік желілер арқылы келіп түскен барлық сұрақтар мен ұсыныстарды мұқият тыңдады. Еркін сұхбатта облыс тұрғындары департамент бастығына өз сауалдарын тікелей қоюға мүмкіндік алды.


Тұрғындардың бірі белгілі жекелеген қылмыстық істер бойынша мәлімет алғысы келсе, енді бірі полиция қызметкерлеріне алғысын білдіріп, ел тыныштығын қорғау жолындағы қиын да жауапты қызметтеріне  сәттілік тіледі.


Департамент бастығы облыс тұрғындарының барлық уәждерін ескеріп, полиция қызметіндегі жұмыс барысын жетілдіруге қатысты тұрғындардың ұсыныстары бойынша және барлық көтерілген мәселелер мен өтініштердің  бақылауға алатынын айтты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру