Дүкен сатушысының телефонын иемденген астаналық азамат анықталды
Дүкен сатушысының телефонын иемденген астаналық азамат анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері телефон ұрлады деген күдікпен 33 жастағы астаналық азаматты анықтады.
Тергеу барысында ер адамның кешкі сағат 18:00 шамасында Жансүгіров көшесіндегі сауда ойын-сауық орталығына келгені анықталды. Кұүдікті бутиктердің бірінде сатушы үстелінде жатқан XIAOMI Redmi Note 11 телефонын байқаған. Сатушының жоқтығын пайдаланып, ол құны 110 мың теңгеге жуық гаджетті алып кеткен. Телефонды ұрлау сәті бейнебақылау камераларына түсіп қалған.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қала тұрғыны мойындау көрсетпелерін берді. Оның елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеру жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар ер адамның бұрын істі болғаны белгілі болды.
Астана қаласының полиция департаменті сақ болуға, бағалы заттарды қараусыз қалдырмауға кеңес береді.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы негізінде тергеу мүддесінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етілуге жатпайды.