Елордалық полицияда бірінші тоқсанның жұмыс қорытындысы шығарылды
Елордалық полицияда бірінші тоқсанның жұмыс қорытындысы шығарылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласының полиция департаментінде 2023 жылдың бірінші тоқсанындағы жедел-қызметтік жұмысының қорытындысы және алдағы кезеңге арналған міндеттер бойынша департамент бастығы Марат Төлебаевтың қатысуымен кеңес өтті. Жеке құрамның назарына ҚР ІІМ Алқасының кеңейтілген отырысында берілген Ішкі істер министрінің негізгі талаптары мен тапсырмалары жеткізілді.
Бірқатар басшылардың ағымдағы жылдың 3 айындағы жұмыс нәтижелері туралы баяндамалары тыңдалды, сондай-ақ жедел-қызметтік жұмыстың нәтижелілігін арттыруға бағытталған іс-шаралар белгіленді, құқық бұзушылықтардың, оның ішінде жасөспірімдер қылмысының алдын алуға, ұрлыққа қарсы іс-қимылға, есірткі қылмысына қарсы күреске, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты нақты міндеттер қойылды.
Департамент бастығының орынбасарлары баяндама жасап, онда полиция ведомствосы жұмысының негізгі бағыттары бойынша статистикалық мәліметтер айтылды.
Жыл басынан бері заңсыз айналымнан 48 келіден астам түрлі есірткі заттары тәркіленді. Аталған кезеңде есірткінің синтетикалық түрлерімен байланысты 73 есірткі құқық бұзушылық тіркелді, 48 сайт бұғатталды. Кеңес барысында жол қауіпсіздігі деңгейін арттыру басым бағыттардың қатарында қалып отырғаны атап өтілді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ЖКО саны азайды. Сонымен қатар, жол-көлік оқиғалары кезінде жараланғандар мен қаза тапқандар санының артуы байқалады.
Департамент бастығы заңдылық пен тәртіпті сөзсіз сақтауға, өз қатарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қатаң іс-қимылға ерекше назар аударды. Жыл басынан бері полиция қызметкерлеріне жауапкершілікке тартылмау үшін пара берудің 7 жағдайы тіркелді.
Сондай-ақ департамент бастығы полиция қызметінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етуді атап өтті.
Орталықсыздандыру және дебюрократизация аясында жергілікті қызмет, әкімшілік полиция және саптық бөлімшелердің жұмысын дұрыс ұйымдастыруға бағытталған бірқатар іс-шаралар өткізілді. Қағаз құжат айналымы қысқартылды, процестерді цифрландыру жүргізіліп жатыр.
Кеңес қорытындысы бойынша полиция басқармалары мен бөлімшелерінің басшыларына қылмыстарды ашу деңгейін арттыру, ІІО есебіндегі контингентке бақылау жүргізу, маскүнемдік пен отбасылық-тұрмыстық қылмыстың алдын алу, жолдардағы апаттылықты төмендету жөнінде кешенді шаралар қабылдау, сондай-ақ ішкі істер органдарына қызметке сапалы іріктеуді қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.