Абай облысында діни қызметкерлер жазасын өтеушілерге арнап «Жақсылық – жан шуағы» науқанын өткізді
Абай облысы ҚАЖД №20 мекеме қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Аманат» қоғамдық қоры қызметкерлері мен Семей қаласы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесе отырып, сотталғандар арасында «Жақсылық – жан шуағы» атты науқанын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған акция мәдени-көпшілік іс-шарамен басталды. Спорттық сайыстар, яғни гір тасын көтеру және шахмат ойындары өткізілді. Викториналық сұрақтар қойылып, сұрақтарға дұрыс жауап берген сотталғандарға күнделікті өмірде қолданысқа керек сыйлықтар табыс етілді. Іс-шара барысында рухани қолдау көрсететін тақырыптарда әңгімелер жүргізілді. Артынан сотталғандарға арнап дастархан жайылды.
Сондай-ақ №20 мекемеде 8 жылдан аса жазасын өтеп жатқан Өзбекстан Республикасы азаматы Ильхомға (есімі өзгертілген) көмек көрсетіліп, мерзімдік киімдер және күнделікті пайдалануға қажетті заттар табыс етілді.
– Жалпы жақсылық жасау арнайы бір күнді, айды таңдамайды, қолынан келіп тұрса жақсылық жасау әрбір жанның міндеті деп білеміз. Бүгінгі өткізілген іс-шараның мақсаты – өмірде қия басып темір тордың ар жағына түскен жазасын өтеушілерге қиын сәттерінде қолдау көрсету болып табылды. Отбасымен белгілі себептермен байланысын үзген сотталғандардың көңілдеріне медеу болатындай материалдық, рухани көмек көрсету, – деп атап өтті «Аманат» қоғамдық қоры директоры Бауыржан Таубекұлы.
– Бүгінгі күн өте ұнады. Спорттық ойындарға қатысып, білімімізді тексеріп, сұрақтарға жауап бердік. Мені қуанышқа бөлеген жағдай маған мерзімдік киімдер мен күнделікті қолданысқа керекті заттардың сыйға тартылуы. Менің туыстарым басқа мемлекетте болғандықтан Қазақстанда Республикасына келуге мүмкіндіктері бола бермейді. «Аманат» қоғамдық қоры қызметкерлері мен Семей қаласы Қазақстан мұсылмандары Діни басқарамсы қызметкерлеріне және мекеме әкімшілігіне бүгінгі өткізілген іс-шара үшін алғысымызды білдіреміз, – деп қуанышымен бөлісті Ильхом есімді (есімі өзгертілген) сотталған.