Түркістан облысында ЖҚЕ бұзған қоғамдық көлік жүргізушілері анықталды
Түркістан облысында ЖҚЕ бұзған қоғамдық көлік жүргізушілері анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының полицейлері жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жолаушылар мен жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттыру мақсатында «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді.
Рейд кезінде тәртіп сақшылары автобустардың техникалық жай-күйін, қоғамдық көлік жүргізушілерінің медициналық тексеруден өтуі мен тіркеу құжаттарының болуын тексерді.
«Автобус» іс-шарасының нәтижесінде жолаушылар көлігінің жүргізушілеріне қатысты жол қозғалысы ережесін бұзудың 900-ге жуық дерегін анықтады. Оның ішінде жолаушылар мен жүктерді тасымалдау қағидаларын бұзу – 132, техникалық байқаудан өтпеу – 130, автокөлікті заңсыз қайта жабдықтау – 27, рейс алдындағы техникалық байқаудан және медициналық байқаудан өтпеу – 28, көлікті басқару кезінде телефонды пайдалану – 243, маневр жасау қағидаларын бұзу – 156, белгіленген жылдамдықтан асып кету – 22, ҚР міндетті сақтандыру туралы заңнамасын бұзу бойынша 44 дерек анықталды.
Сонымен қатар Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жолаушыларға сапар барысында жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.