Астаналық бикеш ВКонтакте желісінде кибер-алаяққа алданған
Астаналық бикеш ВКонтакте желісінде кибер-алаяққа алданған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Есіл ауданы полиция басқармасына астаналық әйел жүгініп, 37 мың теңгеге кибер-алаяққа алданғанын хабарлады. Әйелдің айтуынша, ВКонтакте әлеуметтік желісінде ол өзін оның курстасы ретінде таныстырған ер адаммен хат алмасқан. Әйелдің сеніміне кіріп, виртуалды досы одан қарызға ақша сұраған. Көмектескісі келген келіншек, ойланбастан Kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы ақша аударған.
Жедел іс-шаралар барысында Есіл ауданының полиция қызметкерлері Ақтөбе қаласының 37 жастағы тұрғынын анықтады. Ер адам бұрын алаяқтық жасағаны үшін бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны және полицияның есебінде тұрғаны белгілі болды.
Қазіргі уақытта желілік алаяқтың әрекетінен зардап шеккен тұлғалар анықталып жатыр. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Астана қаласының полиция департаменті азаматтарға қылмыстық кодекс бабының санкциясы аталған қылмыс үшін мүлкі тәркіленіп, 4 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейтінін ескертеді.
Азаматтарды қырағы болуға, бейтаныс адамдарға ақша бермеуге немесе аударымдар жасамауға, күмәнді ұсыныстарға сенбеуді ескертеміз.