Жолдасынан зәбір көрген келіншек «Самғау сенім» орталығына орналастырылды
Жолдасынан зәбір көрген келіншек «Самғау сенім» орталығына орналастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай ауданы полиция басқармасының «102» арнасы арқылы Достық шағын ауданының тұрғыны шағымданған. Ол өз арызында, ата-енесі мен жолдасының тарапынан қысым көріп, отбасылық жанжалдың жиілеп кеткендігін айтқан.
Мәселенің мән-жайын анықтау үшін көрсетілген мекенжайға әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Гүлзира Бектемисова барып, жағдайдың жай-жапсарымен танысты.
Нәтижесінде жолдасының үстінен қорғау нұсқамасы толтырылып, 30 тәулікке есепке алынды.
Қазіргі таңда полиция қызметкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған азаматшаға құқықтық және психологиялық қолдау көрсету мақсатында баласымен бірге уақытша пана ретінде «Самғау сенім» орталығына орналастырды.
«Самғау сенім» орталығы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған көпбалалы аналарға, аз қамтамасыз етілген отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетеді.
Осы тұста тәртіп сақшылары жайсыз отбасылар мен түрлі отбасындағы зорлық-зомбылық салдарынан отбасы мүшелерінің зардап шегетінін айтып, оларға қатысты күш көрсету, кемсіту, ұрып-соғу жайттары бойынша заң жүзінде жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.