Елордада көліктің салонынан алтын сағат пен сөмкені қолды еткен азамат құрықталды
Елордада көліктің салонынан алтын сағат пен сөмкені қолды еткен азамат құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыарқа ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері ұрлық жасады деген күдікпен 40 жастағы ер адамды анықтады.
Тергеу барысында күдіктінің кешкі уақытта Соқпақбаев көшесіндегі автотұрақтан өтіп бара жатып, қылмыстық оймен, тұрақта тұрған көліктердің есіктерін тартып көргені анықталды. Subaru Impreza автокөлігінің иесі есігін ашық қалдырғанын пайдаланып, күдікті салоннан, ішінде алтын сағат, күртеше, электр ұстара бар сөмкені ұрлап кеткен. Келтірілген материалдық шығын 250 мың теңгені құрады.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ер адам Астана қаласы ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оның елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Астана қаласының полиция департаменті қырағы болуға, бағалы заттарды қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Көлік құралын күзет дабылы жүйесімен жабдықтаңыз, кетер алдында, тіпті аз уақытқа шықсаңыз да, көліктің құлыпталғанына көз жеткізіңіз.
Егер сізге қатысты құқыққа қайшы әрекеттер жасалса, дереу полицияға «102» арнасы немесе мобильді қосымша арқылы хабарлаңыз.