Сайрамдық азамат туысының алтын бұйымдарын қолды еткен
Сайрамдық азамат туысының үйіне заңсыз кіріп, алтын бұйымдарды қолды еткен. Ұрланған бұйымдарды ломбардқа өткізіп жіберген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайрам аудандық полиция басқармасына ұрлық қылмысының құрбаны болған жергілікті тұрғыннан шағым келіп түсті. Әйелдің айтуынша, күндізгі уақытта белгісіз біреу оның үйіне кіріп, шкаф ішіндегі тұрған 5 алтын бұйымын ұрлап кеткен. Жәбірленушіге 600 мың теңгеге жуық шығын келген.
Полицейлер аталған фактіні ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алды.
Қылмысты дер кезінде ашу мақсатында сайрамдық тәжірибелі сақшылардан арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Куәлардан жауап алынып, үйдің айналасы мұқият қаралды. Тиянақты тексерудің нәтижесінде бір тәулікте күдіктінің жеке басы анықталып, полицияға жеткізілді. Ол жәбірленушінің туысы, жергілікті тұрғын болып шықты.
Анықталғандай, күдікті жас жігіт оңай жолмен пайда табу мақсатында қараусыз тұрған туысының үйіне кіріп, алтын бұйымдарын жымқырған. Ұрлаған алтындарды ломбардқа өткізіп, бас пайдасына жаратқан. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.