Қостанайлық полицейлер “Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ»науқанын өткізіп жатыр
Қостанайлық полицейлер “Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ»науқанын өткізіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Науқан өңір аумағында 27-30 маусым аралығында бір апта ішінде өтеді.
Науқанның негізгі мақсаты – отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы жұртшылықты ақпараттандыру, аталған мәселеге халықтың назарын аудару, – деді Қостанай облысы ПД ЖПҚБ әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының бас инспекторы Ботагөз Откульбаева.
Науқан басталғалы бері полиция қызметкерлері 100-ге жуық қоғамдық іс-шара өткізді.Онда олар түрлі кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметкерлерімен кездесіп, олармен дәрістер, тренингтер және дөңгелек үстелдер өткізді.
Қалалар мен аудандардың көшелерінде 2,5 мыңға жуық буклеттер мен жадынамалар таратылды. Онда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбанына жүгінуге болатын сенім телефондарының нөмірлері көрсетілген.
Айта кету керек, науқан барысында сенім телефонының жедел желісіне 60 қоңырау келіп түсті: 37 азаматқа заңгерлік кеңес берілді, 18 адамға психологиялық көмек көрсетілді.
Зорлық-зомбылық құрбандарының өтініші бойынша дағдарыс орталықтарына 5 адам орналастырылды, үш азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.