Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Дарынды суретші Кәріпбек Күйіков қарағандылық полицейлерге табандылық пен күш-жігер тіледі

Дарынды суретші Кәріпбек Күйіков қарағандылық полицейлерге табандылық пен күш-жігер тіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды облыстық полиция департаментінде Астана күніне орай ерлік сабағы өтті. Аталған іс-шараның басты кейіпкерлері ретінде дарынды суретші, халықаралық ядролық қозғалысының белсендісі Кәріпбек Күйіков және медицина ғылымдарының докторы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Вилен Молотов-Лучанский болды.

– Бүгінгі іс-шарамыздың арнайы қонақтары, Қарағандының танымал азаматтары сіздерге Қазақстанның дамуы туралы өз қөзқарастарын жеткізеді деген ойдамыз, – деді департамент бастығы Санжар Әділов іс-шараның ашылуы барысында.


Кәріпбек Күйіков 1968 жылы бұрынғы Семей облысы, Егіндібұлақ ауылында дүниеге келген. Ол өмірге келгенде екі қолы болмаған.

– Мен өмірге келгенде екі қолым болмағандықтан, дәрігерлер ата-анама мені балалар үйіне өткізуін сұрапты. Алайда әкем “Мен баламды өзім тәрбиелеймін” деп дәрігерлердің айтқанына көнбеген. Мен ес біле бастағанда өз-өзіме менде басқа балалар сияқты боламын деген мақсат қойдым. Ленинград ортопедиялық институтының дәрігерлері маған экспирименттік протездер жасауды ұсынды. Сондықтанда мен Нева қаласына барып, институт жанындағы интернатта оқи бастадым. Онда мен алғаш рет қарындаш алып… аяғыммен сурет салуға тырыстым. Осы арқылы мен жетістікке жете бастадым. Әрине, адам өмірдің әртүрлі сынағына төзеді. Мектеп бітіру аттестатын алған уақытымда мен сурет салуға ғана емес, арамен ағаш оюмен де айналыстым. Мектепті аяқтаған соң бугалтерлер училищесінде білім алдым. Қазақстанға келгенімде 1989 жылы Қазақстанның қоғам қайраткері, жазушы Олжас Сүлейменов бастаған “Невада-Семей” антиядролық қозғалысына қосылдым, – деп қысқаша өмір жолына тоқталды Кәріпбек Күйіков.

Ерекше дарын иесінің картиналарының тақырыбы адамзатқа төнген ядролық қауіп-қатермен байланысты. Сондай-ақ ол пейзаждар салуды жөн көрген. Кәріпбек Күйіковтің картиналары АҚШ, Жапония, Германия, Түркия, Қытай және Қазақстанның жеке және мемлекеттік коллекцияларында қойылған.

– Полиция қызметкерлеріне қиын, бірақ ел ертеңі үшін қажетті жұмысы үшін алғыс айтамын. Сіздерге шыдамдылық пен төзімділік тілеймін, – деді Күйіков.

– Дәрігер ретінде мен полиция қызметкерлерін әріптес деп санаймын. Өйткені біздер ұлттың денсаулығымен қауіпсіздігін қорғау жолында тұрмыз. Осыдан 25 жыл бұрын Астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру республикамызда ғана емес, әлемде үлкен жаңалық болған еді. Уақыт бұл шешімнің дұрыстығын көрсетті. Қазір Астана экономикалық жағынан қарқынды дамып, алға бастап келеді. Астана – Қазақстандағы халықтар арасындағы достықты нығайтып, құндылықтарымызды насихаттаудың символына айналды. Әлемнің ешбір жерінде Қазақстандағыдай полицияға сенім жоқ. Ал ол болған кезде мемлекеттің болашағы бар, – деді Вилен Молотов-Лучанский.

Кездесу барысында залға жиналған тәртіп сақшылары мен қонақтарға департаменттің баспасөз қызметімен түсірілген “Честь имею” фильмі көрсетілді. Іс-шара соңында департамент бастығы Санжар Әділов келген қонақтарды “Қазақстан Полициясына 30 жыл” төс белгісімен марапаттады.

Іс-шара Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайының директоры Бибігүл Құдабаеваның қарағанды суретшілерінің суреттерін көрсетуімен аяқталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру