Атырау облысында жолаушылардың тыныштығын бұзған мас азамат пойыздан түсірілді
Маңғыстау – Ақтөбе бағытындағы жолаушылшар пойызы Атырау облысы Мақат станциясына келгеннен кейін мас жолаушы пойыздан түсіріліп, көлік полицейлеріне берілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тексеру барысында Атырау станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Ақтөбе облысының 34 жастағы тұрғынын анықтады. Қоғамдық орында масаң күйде болған ер адам ескертулерге құлақ аспаған, сөйтіп жолаушылардың мазасын алып, қоғамдық тәртіпті бұзған.
Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабы 1-бөлігі (Тыныштықты бұзу), ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы 3-бөлігі (Алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келу) бойынша екі әкімшілік хаттама толтырылып, 5 айлық есептік көрсеткіш (17 250 тг) мөлшерінде айыппұл салынды. Сондай-ақ ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша іс Мақат аудандық сотына шешім қабылдау үшін жолданды, себебі бұл ер адам бұған дейін қоғамдық орындарда алкоголь ішкені үшін жауапқа тартылған болатын. Бір жыл ішінде қайталап жасап отыр.
Жыл басынан бері көлік полицейлері түрлі әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 27 131 адамды жауапқа тартты. Оның ішінде тыныштықты бұзғаны үшін – 97, алкогольдік ішімдіктер ішкені немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келгені үшін 2841 адам жазаланды.