Қарағанды облысында мотоцикл ұрлаған күдікті қолға түсті
Қарағанды облысында мотоцикл ұрлаған күдікті қолға түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысы Бұқар-Жырау аудандық полиция басқармасына 30 жастағы ауыл тұрғынынан арыз түсті. Жәбірленуші белгісіз біреу үйінің ауласында тұрған мотциклін ұрлап әкеткені туралы арызданған. Келтірілген шығын көлемі 700 мың теңгені құраған.
Полиция қызметкерлерімен жүргізілген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында теміржол өткелдерінің маңынан ұрланған мотоцикл 49 жастағы азаматтың басқаруында табылды. Азамат мас күйде болған. Ұсталған азамат өзінің танысының үйінде қонақта болып, сол жерде ішімдік ішкенін, таңертең жәбірленушінің ауылынан көрші ауылға кету керек болған кезде көзіне астындағы көлігі түсіп, мініп кеткенін мойындады. Ұрланған мотоцикл иесіне қайтарылды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 200-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
Сондай-ақ 49 жастағы азаматқа қатысты ӘҚБтК-нің 608-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, ол соттың шешімімен 20 тәулік әкімшілік қамауға алынды.