«Жолда қабылдау» акциясы: Шымкент полицейлері тұрғындардың ұсыныс-сауалдарына жауап берді
Шымкент полицейлері «Жолда қабылдау» акциясы аясында жарты мыңнан астам сауалға жауап берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ішкі істер министрінің нұсқауымен республика көлемінде «Жолда қабылдау» акциясы өтті. Мұндағы басты мақсат – қоғамдағы өзекті мәселелерді дер кезінде шешіп, халықпен тиімді кері байланыс орнатып, азаматтардың құқықтық сауатын арттыруға және оларды мазалаған сауалдарға жедел әрі тиянақты жауап беруге бағытталған.
Аталған шараны мегаполис полицейлері қала тұрғындары мен қонақтары көп жиналатын «Арбат» демалыс аймағында өткізді. Акцияға 400-ден астам азамат қатысып, 511 ұсыныс-сауал жолданды.
Оның ішінде, әкімшілік құқық бұзушылықтар жөнінде – 151, жол жүрісін ұйымдастыру бойынша – 95, автокөлікті қайта жабдықтау туралы – 42, көші-қон заңнамасына қатысты – 42, көлік құралдарын тіркеу, жүргізуші куәліктерін беру жөнінде – 12, ЖКО бойынша – 8 және тағы басқа өтініштер мен сұрақтар қойылды.
Жолда қабылдауға, әкімшілік полиция, жергілікті полиция және көші-қон қызметі басшылары қатысып, тұрғындарды толғандырған мәселелерге жауап берді.