Астанада жүк көлігінің салонынан жасалған ұрлық бейнебақылау камерасына түсіп қалды
Астанада жүк көлігінің салонынан жасалған ұрлық бейнебақылау камерасына түсіп қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыарқа ауданының полиция бөліміне ГАЗель автокөлігінің жүргізушісі арызбен жүгініп, Орро телефонының жоғалғаны туралы хабарлады. Бейнебақылау камераларын қарау кезінде жедел уәкілдер жүргізуші болмаған кезде белгісіз ер адам көліктің терезесі ашық екенін пайдаланып, сөмкені салоннан алып кеткенін анықтады.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері ұрлыққа қатысы бар адамды анықтады. Ол бұрын осыған ұқсас қылмысы үшін сотталған 29 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Телефон, талондар мен қолма-қол ақша салынған ұрланған сөмке тәркіленіп, иесіне қайтарылды.
Аталған фактіге қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Астаналық азамат ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оның елорда аумағында жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.