СҚО-да мас жүргізушілердің кінәсінен 14 жол-көлік оқиғасы тіркелді
СҚО-да мас жүргізушілердің кінәсінен 14 жол-көлік оқиғасы тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бейсенбі күні Петропавлдың солтүстік бөлігіндегі саяжай кооперативтерінің бірінің аумағында қалалық патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Lifan маркалы автокөлігін тоқтатты. Құжаттарын тексеру барысында полицейлер 41 жастағы жүргізушінің бойынан мастықтың белгілерін байқаған. Медициналық куәландырудың қорытындысы оның «жеңіл» дәрежедегі алкогольдік мас күйінде болғанын растады.
Lifan жүргізушісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша хаттама толтырылды.
Аталған баптың сакциясына сәйкес, құқық бұзушы 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылуы мүмкін.
СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Григорий Тыштың айтуынша, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жолдардағы апаттылыққа тікелей әсер ететін жол жүрісі қағидаларының өрескел бұзушылықтарын анықтау мақсатында — тамыздың 8-13 аралығында облыс аумағында «Мас жүргізуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Іс-шараның тек 2 күні ішінде жол жүрісі қағидаларының 677 бұзушылығы тіркелді: мас күйінде көлік құралдарын басқарған 15 жүргізуші ұсталды, көлік жүргізу құқығынан айырылған адамдардың көлік құралдарын басқаруының – 2, жолаушылар мен багажды заңсыз тасымалдауының – 2 фактісі анықталды.
– Көлік құралдарының жүргізушілерін жолда сақ болуға, жол жүрісі қағидаларын мүлтіксіз сақтауға және рөлге отырғанда сіз өз өміріңіз үшін ғана емес, жол қозғалысының қалған қатысушыларының өмірі мен денсаулығы үшін де жауапты екеніңізді есте сақтауға шақырамыз, – деп атап өтті Григорий Тыш.
Жыл басынан бері СҚО жолдарында 646 мас жүргізуші ұсталды. Жыл басталғалы 7 ай ішінде олардың кінәсінен 14 жол-көлік оқиғасы тіркелді, соның салдарынан 4 адам қаза тауып, 20 адам түрлі дене жарақаттарын алды. Жалпы, облыста жыл басынан 184 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 22 адам қаза тауып, 266 адам жарақат алды.