Түркістан облысында заңсыз сақталған, тіркелмеген 20 қару тәркіленді
Түркістан облысының полицейлері «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасын қорытындылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шараның мақсаты – атыс қаруын қолдану арқылы жасалған қылмыстардың алдын алу және жолын кесу. Сондай-ақ азаматтық және қызметтік қаруды сақтауға, алып жүруге және қайта тіркеуге байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу.
Осы бағытта жұмылдырылған тәртіп сақшыларының төрт күн бойы жүргізген жұмыс қорытындысы бойынша заңсыз сақталған, тіркелмеген 20 қару тәркіленді. Оның ішінде бір мылтық пен 15 тегіс ұңғылы қару, төрт газ тапаншасы бар.
Бұдан басқа «Қару» іс-шарасы кезінде тәртіп сақшылары 800-ден астам қару иелерін тексеріп, 73 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.
Оның ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 482-бабы (Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруi, тасымалдауы) бойынша 18 әкімшілік хаттама, ҚР ӘҚБтК-нің 484-бабы (Азаматтық және қызметтік қару айналымы қағидаларын бұзу) бойынша – 34 және ҚР ӘҚБтК-нің 486-бабы (Азаматтық, қызметтiк, марапаттық, коллекциялық қаруды тiркеу (қайта тiркеу) не оны есепке қою тәртібін бұзу) бойынша 21 дерек анықталды.
Түркістан облысының полицейлері атап өткендей, мұндай алдын алу шаралары ең алдымен қылмысты болдырмауға, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.