ІІМ «Балаңыздың зорлық-зомбылық құрбаны болмауы үшін» атты жадынама жариялады
ІІМ «Балаңыздың зорлық-зомбылық құрбаны болмауы үшін» атты жадынама жариялады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ішкі істер министрлігі кәмелетке толмағандар мен олардың ата-аналарына зорлық-зомбылықтың құрбаны болмауға көмектесетін жадынама жариялады.
Жадынамаларда полицейлер бала өзіне қауіп төнгенін сезсе, кез келген ересек адамға «ЖОҚ» деп айтуға құқығы бар екенін үйрету керектігін ескерткен. Егер біреу оны ұстамақ болса, балаға «Бұл менің әкем емес (анам емес)» деп қатты айқайлауды үйрету қажет. Бұл жан-жағыңыздағылардың көңілін аударып, қылмыскерді қорқытады.
Сондай-ақ тәртіп сақшылары балаға қайда баратынын, қай бағытпен, қай уақытта қайтатынын, кіммен болатынын, егер жоспары ауысса, қоңырау шалу керектігін үйретуді ұсынады.Баланы балабақшадан және мектептен өзіңіз алып кетуге тырысу керек, ал егер басқа біреу алып кететін болса, оқытушыларға ертерек ескертілуі қажет.
Полицейлердің ұсынысы бойынша, баламен арнайы құпия сөз ойластыру керек. Егер бөтен адам құпия сөзді білмесе, ол адаммен ешқайда кетпей, бөтен көлікке отырмайтынын айтуы қажет. Балаңызға жалғыз емес, достарымен бірге қыдыру керек екендігін жеткізіңіз. Жалғыз қыдырған бала қылмыскердің назарын аудартады.
Бұдан бөлек, баланы жылына бір-екі рет суретке түсіріп тұру керек. Келеңсіз жағдайлар болып қалса, қолыңызда баланың жаңа фотосуреті болады. Сонымен қатар жадынамада балаларды әлеуметтік желіде еркінше жүзгізбеу ұсынылады. Баланың әлеуметтік желідегі өміріне белсене атсалысу керек. Балаға әлеуметтік желідегі қауіп-қатер жайында ақпарат беріңіз. Егер бала басқа әлеуметтік желідегі қолданушыдан теріс қылыққа немесе зорлық-зомбылыққа тап болса, оған дереу жақын адамдарына хабарлау керек екендігін түсіндіріңіз.
– Бала барлық жағдайды сеніп айтып беретін ата-ана болыңыз. Бала әрқашан оны жақсы көретініне сенімді болуы керек және егер ол жоғалып кетсе немесе ұрланса, оны іздеуді тоқтатпайтыныңызды айтыңыз, – деп еске салды ІІМ-де.