Ақтөбе облысында тұрғын ауласында жасырын есірткі зертханасын ұйымдастырған
Ақтөбе облысында тұрғын ауласында жасырын есірткі зертханасын ұйымдастырған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
“Қарасора” ЖПІШ аясында 28 қазанда Ақтөбе облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Алға ауданы полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірге жедел іс-шаралар жүргізу барысында Алға ауданындағы ауылдардың бірінде құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді өндірумен айналысқан 32 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес ұсталған азаматтың есіткілік мас күйде болғаны анықталды.
Мекенжайы бойынша тінту барысында ауыл тұрғынының жер үйінің шатырынан 17 түп кептірілген қарасора табылып, тәркіленді және үйдің ауласынан қазылған жертөле анықталып, жертөледен ыдысқа отырғызылған 79 түп қарасора мен лампалар, таймері бар датчик, тыңайтқыштар, градусник, желдеткіш табылып, тәркіленді.
Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген өсімдіктер жалпы салмағы 7 келіге жуық кептірілген марихуана есірткі заты екені расталды.
Анықталғандай, жұмыссыз ауыл тұрғыны үйінің ауласынан жасырын есірткі зертханасын ұйымдастырып, есірткіні Ақтөбе қаласының аумағында сатуды мақсат еткен.
Бұл деректер бойынша күдіктіге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 300-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Жиналған дәлелдемелердің негізінде күдікті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 128-бабының тәртібінде уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.