Түркістан облысында алаяқтықтың бірнеше дерегіне қатысы бар күдікті құрықталды
Түркістан облысында ер адам арзан бағада цемент алып беремін деп тұрғындарды алдап соққан, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазығұрт аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын алаяққа алданғаны туралы шағымданды. Ер адам арызында таныс ер адам арзан бағада цемент алып беремін деп алдап кеткенін айтқан. Осы қызметі үшін 500 мың теңге ақша алған.
Аталған фактіні полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеді.
Тәжірибелі полицейлерден құрылған жедел-тергеу тобы жергілікті тұрғынды уысына түсірген алаяқты ұстауға қажетті шараларды жасады. Жедел-іздестіру нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталып, 28 жастағы жергілікті тұрғын жеткізілді.
Белгілі болғандай, күдікті осындай жалған уәде беріп, бірнеше тұрғынды алдап үлгерген. Күдіктінің жалпы 4 жайт алаяқтық қылмысына қатысы бары анықталды. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 4 миллион теңгеге жуық. Ол қаражатты өзінің қажеттілігі үшін жұмсап жіберген. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.