Түркістанда сауда үйінен алтын бұйым жымқырған күдікті құрықталды
Түркістанда сауда үйінен алтын бұйым жымқырған күдікті құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қалалық полиция басқармасына базарда алтын сатумен айналысатын жергілікті тұрғын арызданды. Әйел адамның айтуынша, бір алтын кулонын белгісіз біреу ұрлап кеткен. Содан тұрғын бірден учаскелік полицейге хабарласып, көмек сұрайды.
Аталған фактіні полицейлер ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алды.
Бөтеннің мүлкін жымқырып, заңсыз әрекет жасаған адамды ұстау бағытында жан-жақты іздестіру шаралары жүргізілді. Куәлардан сұрастырылып, ғимараттағы барлық бейнекамералар жіті қаралды. Полиция қызметкерлерінің жедел түрде әрекет етуінің нәтижесінде күдікті әйел анықталып, ұсталды. Ол шымкенттік тұрғын болып шықты.
Белгілі болғандай, ол сауда орнына алтын алушы ретінде келіп, сатушының байқамай тұрғанын пайдаланған. Осы ретте алтын бұйымдарды жымқырып кеткен. Сондай-ақ күдіктінің дәл осындай ұрлық қылмысына қатысты 3 жайты бары анықталды. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 400 мың теңгеге жуық. Күдіктінің үйінен айғақты зат ретінде ұрланған алтындар табылып, заңды иесіне қайтарылды.Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.