Атырауда ІІО ардагерлеріне арналған ең алғашқы амбулаториялық емдеу орны ашылды
Атырау облысы полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Нұрхат Оразбаевтың бастамасымен және Атырау облысы бойынша ІІО және Ұлттық Ұланның ардагерлер кеңесінің қолдауымен атыраулық ішкі істер органдарының ардагерлеріне кезек күтпей тиісті ем-шараларын қабылдау үшін тұңғыш амбулаториялық орын ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мұнда келген қаралушылар терапевт, лор, окулист, кардиолог дәрігерге жүгініп, қан талдауы, узи және флюрографиялық тексеру қызметтерін тегін пайдалана алады. Сондай-ақ дәрігердің тағайындаған емін де ерлер мен әйелдерге бөлек дайындалған арнайы палаталары бар амбулаториялық орынға келіп тегін қабылдай алады.
– ІІО ардагерлері бұрын да тиісті медициналық қызметті пайдаланып келді. Алайда ардагерлер кезек күтіп ем-шараларын кешіктірмей алу мақсатында осындай амбулаториялық орын ашу бастамасын біз де қолдадық. Бастысы еңбегінің зейнетін көретін кезеңге өткен ардагерлер үшін де басты байлық денсаулықтың сақталуына өз септігімізді тигізу, тиімді жолдарды ұсыну. Дәрігерлер мен медбикелер 09:00-ден бастап кешкі 18:00-ге дейін осында қызмет етеді. Палаталар мен қабылдау кабинеттерінен бөлек мұнда ардагерлердің шәй ішіп отырып кезек күтетін бөлмесі де ұйымдастырылды – деді департаменттің емханасы бар госпитальының бас дәрігері Бибігүл Дюсебалиева.
– Бүгін міне, барлық жағдайы жасалған, жақсы дәрігері мен қызметкерлері бар амбулаториялық орынның ашылуына куә болып отырмыз. Денсаулық – ең бірінші байлық. Дегенмен, ел ішінің тыныштығы үшін тынымсыз еңбек еткен ІІО-ның ардагерлері арасында жауапкершілік жүгімен бірге созылмалы түрлі сырқаттарды арқалағандар жетерлік дер едім. Осы бағытта біздің кезек күтпей медициналық ем қабылдауымызға мүмкіндік жасап отқан басшылық пен Ардагерлер кеңесіне ризашылығымды білдіремін. Игі бастама игілікке жалғассын, – деді ІІО отставкадағы полиция майоры Зинелғабиден Айтжанов.
Айта кетейік, Атырау облысында қоғамдық қауіпсіздік пен тұрғындар тыныштығын қамтамасыз ету бағытында қызмет еткен 2500-ден астам ардагер бар. Өз қызметін бастаған амбулаториялық орын тек облыс орталығы емес аудандардағы ардагерлер үшін де қызмет етеді.