Қызылордалық полицейлердің кәсіби-қызметтік дайындығы жетілдірілуде
Қызылордалық полицейлердің кәсіби-қызметтік дайындығы жетілдіріліп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы полиция департаментінде полиция қызметкерлерінің жауынгерлік дайындықтарын арттыру, төтенше жағдайлардағы тактикалық іс-қимылдарын қалыптастыруға бағытталған арнайы және жұмылдыру даярлық басқармалары жұмыс жасайтыны белгілі.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған жолдауларында құқық қорғау қызметкерлері, оның ішінде ішкі істер органдары қызметкерлері үнемі өздерінің кәсіби қабілетін, біліктілігін арттырып отыру қажеттігін көрсеткен болатын. Осыған сәйкес, ІІО қоғамдық тыныштық пен халықтың қауіпсіздігінің күзетінде тұратын, алғашқы соққыны өздеріне қабылдайтын полиция қызметкерлерінің жауынгерлік дайындық деңгейлерінің заман талабына сай болуын басты мақсаты етеді. Қазіргі таңда арнайы оқу-жаттығу полигонына облыстың әр аудандарынан полиция қызметкерлері келіп, жауынгерлік даярлықтарын жетілдіруде.
Арнайы және жұмылдыру даярлық басқармасының білікті мамандары ату, қоян-қолтық күрес, қалқанмен, резинка таяқшасымен жұмыс істеу секілді шеберліктерді үйретумен қатар, теориялық сабақтар өткізіп, біліктіліктерін шыңдауда. Аталған сабақтарға департаменттің басқарма, бөлім қызметкерлерімен қатар, сыртқы қызмет салалары, яғни патрульдік полиция қызметкерлері, учаскелік, ювеналдық полиция инспекторлары, кезекші бөлім қызметкерлері де қатысып жатыр.
Қызметкерлермен өткізілген сабақ барысында түрлі деңгейдегі элементтер аралас жаттығулар, сынақ тапсырмалар қолданылды. Бұл қызметкерлердің экстремалды жағдайлардағы психологиялық тұрақтылығына ықпал ететіндігі сөзсіз. Барлық жаттығулар қозғалыс дағдыларын және моральдық-еріктік қасиеттерін дамытуға, қызметтік және әскери дайындығының жоғары деңгейде болуына, қырағылық танытуға, қасындағы әріптесіне жауапкершілікпен қарауға, бір-біріне сенімді болуға бағытталады.
Мәселен, бір жаттығу – қауіп-қатер кезіндегі полиция қызметкерлерінің біркелкілігін көздеп, бір тәртіппен, бірдей бұйрықпен ұйымдасып, іс-қимыл жасауын мақсат етсе, енді бір жаттығу кез келген сәтте атылатын оқ пен төнген қатерге дайын болуын, рефлекторлық әрекетін дамытуды көздейді.
Бұдан бөлек, полиция қызметкерлеріне практикалық біліммен қатар, теориялық ақпараттар да беріліп отырады. Мәселен, жергілікті полиция қызметінің патрульдік полиция батальонының жеке құрамы үшін арнайы құралдарды қолдану қағидалары мен әдістерін, соның ішінде газды гранаталар мен табельдік қаруларын қолдану бойынша сабақтар өткізді. Алған білімдерін бекітіп, іс барысында көрсету үшін арнайы сабақтар өткізілетінін де айта кеткен жөн.
Сондай-ақ әр аптаның жұма күндері аппарат жеке құрамына, ал аптаның сәрсенбі, жұма күндері патрульдік полиция батальонының қызметкерлеріне арнайы-тактикалық даярлық сабақтарында қызметкерлердің өздерінің қауіпсіздіктерін сақтай отырып, күдікті автокөлікті тексеру, бағынбаған жүргізушіні автокөліктен шығарып, тінту әдістемелік сабақ жүргізілуде. Әр аптаның сәрсенбі, бейсенбі күндері барлық қалалық және аудандық полиция бөлімдерінің кезекші бөліністері қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында атыс, арнайы даярлық және дене шынықтыру даярлықтарынан қосымша сабақтар ұйымдастырылып жатыр.
Айта кетерлік жайт, аталған оқу-жаттығу сабақтары арнайы полигонда және “Динамо” дене шынықтыру спорт қоғамымен бірлесіп өткізіліп жатыр.
Жаттығу мен сабақ түрлерінен бөлек, полиция қызметкерлерін психикалық даярлау дәрістері де өтеді. Аталған дәрістердің қызметкерлердің әлеуметтік құзіреттілігін жоғарылатуда, тұлғааралық қатынастарды қалыптастырып, бірлесіп іс-әрекет жасауда, қақтығыстарды конструктивті түрде шешуде маңызы зор. Сондай-ақ қызметкерлердің кәсіби-психологиялық дайындықтарын жетілдіріп, эмоционалды бұзылыстарының алдын алуға, қызметкерлердің күрделі жағдайларда дұрыс әрекет етуге де болатындығын ескерген жөн. Қызметкерлермен өткізілген тренинг барысында көптеген жаттығу, ойын элементтері аралас тапсырмалар қолданылады.