Ақтөбе облысында асыл тұқымды мал ұрлаған барымташы ұсталды
Ақтөбе облысында асыл тұқымды мал ұрлаған барымташы ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
27 қарашада басталған жедел-профилактикалық іс-шара барысында полиция қызметкерлері мал ұрлығының алдын алу, осы қылмыстарды ашу мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр.
Шараның бірінші күнінде полиция қызметкерлері Әйтеке би ауданы аумағындағы шаруа қожалықтарының бірінен 6 бас асыл тұқымды сиырды ұрлау фактісін ашты. Тексеру барысында мал ұрлығын осы шаруа қожалығы малшысының сыбайластығымен ауыл тұрғыны жасағаны анықталды.
Малшымен алдын ала сөз байласқан 34 жастағы жігіт әр мүйізді ірі қараны шығарып бергені үшін малшыға 120 мың теңге беріп, малды айдап әкетіп отырған. Асыл тұқымды малдарының ұрлануы салдарынан кәсіпкерге келтірілген шығын көлемі 4 миллион 8 жүз мың теңгені құрады.
Бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) 2-бөлігі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Күдікті кінәсін мойындады. Оның айтуынша, ұрлаған малдарды ол сойып, сатып жіберіп отырған.
– Жыл басынан бері облыс аумағында 42 мал ұрлығы орын алып, оның жартысынан астамы ашылды. Талдау көрсетіп отырғандай, мал ұрлығының 79 пайызы еркін жайылымнан, яғни оларды қараусыз қалдыру салдарынан орын алып отыр. Мысалы жуырда Бауырластар ауылында орын алған 3 бас мүйізді ірі қараның ұрлану дерегі бойынша мал иелері жануарларды жайылуға 14 қарашада жіберіп, бір апта уақыт өткеннен кейін ғана іздеген. Әрине, бақташының қызметі қаражатты қажет етеді. Алайда малдың жоғалуы мал иесіне одан бірнеше есе асатын моральдық және қаржылық шығындарға алып келеді. Қараусыз қалған мал – қылмыскерге оңай олжа болуы немесе жол-көлік оқиғаларының себепшісі болуы мүмкін, – дейді криминалдық полиция басқармасының бастығы Мұрат Ауғалиев.