Таразда кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар ПД бастығымен ашық диалог өткізді
Таразда кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар ПД бастығымен ашық диалог өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында балалардың қауіпсіздігіне және олардың құқықтарын қылмыстық қол сұғушылықтан қорғауға ерекше назар аударған. Осыған орай, ҚР ішкі істер министрінің нұсқауына сәйкес Жамбыл облысы ПД бастығы Арманбек Баймурзиннiң төрағалығымен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері бойынша жұмыс кеңесі өткiзiлдi.
Кеңеске ПД бастығының орынбасарлары, мүдделі бөлініс басшылары мен барлық аудандық, қалалық полиция бөлімдерінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлары қатысты.
Жиын барысында жасөспірімдер арасындағы криминогендік ахуалды мұқият саралай отырып, нақты қабылданатын шаралар талқыға салынды. Арманбек Баймурзин ПД жергілікті полиция қызметі, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, криминалдық полиция, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, тергеу басқармаларының бастықтарын, әр аудан-ауылдардан келген кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторларды тыңдап, олардың жұмыс барысында туындайтын қиындықтарын, ұсыныстарын ескерді. Атап айтқанда, ювеналдық полиция инспекторларына түнгі рейдтер мен шалғай ауылдарға жету үшін қызметтік автокөліктер бөлу, жаңа компьютерлермен және планшеттермен қамтамасыз ету туралы сұрақтарды осы жылдың соңына дейін толық шешуді өзінің бірінші орынбасарына тапсырды. Сондай-ақ қызметкерлерге бiрқатар кемшіліктердi атай отырып, нақты тапсырмалар берді.
– Балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – бұл өте маңызды мәселе және бұл мәселені сіздермен бірлесіп шешудің жаңа жолдарын анықтауымыз керек. Кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстың жасалатынынан бөлек, өздері жасайтын қылмыс мәселесі де өзекті. Осы жылдың 11 ай қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандар 83 қылмыс дерегін жасаған, былтырғы жылмен салыстыратын болсақ 15,3%-ға төмендеу байқалады. Талдау барысында қылмыстардың 95%-ы жоғарғы және орта білім беретін оқу орындарының 14-17 жас аралығындағы білім алушыларымен жасалатыны белгілі болды. Сондықтан балалардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілік құқық қорғау органдарымен қатар, білім беру мекемелерінің басшыларына, онымен қоса бірінші кезекте ата-аналарға жүктелуі тиіс. Қылмыс жасауға әсер ететін негізгі факторлардың бірі ретінде ата-аналардың отбасындағы тәрбие беру процесінен алшақтауын және ғаламтор желілерінің теріс әсерін айтуға болады. Буллинг жағдайлары да белең алуда. Осыған байланысты мектептердегі психологиялық көмек қызметін күшейту, олармен полицейлер арасындағы іс-қимылды нығайту қажет. Жүйелі жұмысты жолға қою, жасөспірімдерді сабақтан тыс жұмыстарға тарту, баланың психологиялық жағдайын, көңіл-күй деңгейін анықтауға жіті назар аудару керек. Қылмыстылықтың салдарымен күресу емес, оның себептерінің ерте алдын алу қашанда маңызды, – деді ПД бастығы.
Кеңес соңында Арманбек Баймурзин кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуді, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияның қызметіне талдау жасауды, балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, олардың үйден кету деректерінің, суицидтің алдын алу шараларын күшейтуді нықтады.