Атыраулық полицейлер білім беру ұйымдарына түсіндірме жұмыстарын жүргізді
Атыраулық полицейлер білім беру ұйымдарына түсіндірме жұмыстарын жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Осыған орай атыраулық полицейлер 5 қаңтардан бастап жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықты алдын алу бойынша Жылыой ауданында орналасқан 9 білім беру ұйымдарының мектеп оқушыларымен және 3 колледж студенттерімен кездесті.
Кездесу барысында Атырау облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ерлан Биғамбаев, ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалары жөніндегі аға инспекторы Орынгуль Кушкалиева, Жылыой АПБ бастығының бірінші орынбасары Арман Нәсіпкерейұлы, Жылыой ауданы прокуратурасының прокуроры Талғат Аюпов кәмелетке толмағандар арасында жасалатын құқық бұзушылықтар үшін көзделетін жауапкершілік бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Қоғамдық орындарда кәмелетке толмаған жасөспірімдермен жасалатын құқық бұзушылық түрлеріне тоқталып мысалдар келтірілді. Оның ішінде топтасып төбелесу, бопсалау, жасөспірімдердің жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар үшін заңмен көзделген жауапкершіліктер туралы ақпараттар айтылды.
– Жеке тұлға болып қалыптасуда ата-ана, мұғалім мен тәртіп сақшылары тығыз байланыста болып әрбір жасөспірімнің тәртібі мен тәрбиесіне уақытында мән берілсе, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алуына септігін тигізері сөзсіз, – деді Атырау облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ерлан Биғамбаев.
Айта кетейік, облыстағы құқық бұзушылықтарды алдын-алу мақсатында тәртіп сақшылары тарапынан Жылыой ауданындағы 12 білім беру ұйымдарында түсіндірме жұмыстарын жүргізу жалғасын табады.