Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісайда ер адам үйді тонамақ болды: көрші-полицей ұрыны ұстады

Түркістан облысында полицей көршісінің үйін тонамақ болған күдіктіні қырағылықпен ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz тілшісі.

Кешкі сағат 20:30 шамасында Жетісай АПБ-нің полицей Ерік Өсербаев хабарласып, жедел түрде С.Ерубаев көшесінің бойына жедел-тергеу тобын жіберуді сұраған.Оқиға орнына Жетісай АПБ-нің жедел-тергеу тобы тез арада келіп, хабарласқан полицейдің белгісіз ер адамды ұстап жатқанын анықтады.

Тергеу барысында белгілі болғандай, аталған күдікті жеңіл жолмен ақша табу мақсатында полицей Ерік Өсербаевтың көршісінің үйіне заңсыз еніп, бөлмелердің бірінде тұрған құны 400 мың теңге тұратын Samsung теледидарын ұрлап шығып бара жатқан. Сол сәтте үй иесі күдіктіні көріп қалып, сөзге тартқанында күдікті оған бірнеше соққы беріп, тағыда алтын, ақшаларын талап ете бастайды. Осы кезде әйелдің есіне бірден полицей көршісі түсіп, оның атын атап айқайлай бастайды. Өзінің атын естіген полицей, көршісіне қандай да бір көмек қажет деп жүгіріп келген кезде, күдікті оқиға орнынан бой тасалап, қаша жөнеледі.

Қашқан қылмыскерді ұстау мақсатында полиция подполковнигі Е.Өсербаев оның артынан қуып, қоршаулардан секіріп өтіп, соңынан жетіп, онымен алысып, жауынгерлік күрес әдіс-тәсілдерін қолданып, ұстап үлгереді. Аталған жайт Жетісай АПБ-не СДТТБТ-не 191-бабы 3-бөлігінің 3-тармағымен тіркеуге алынды.

Тексеру кезінде күдіктінің қалтасынан өзге біреуге тиесілі автокөлік құжаттары, кілттер мен ақшалар табылып, тәркіленіп алынды. Белгілі болғандай, күдікті үйге кіріп, тонау қылмысын жасамас алдын басқа тұрғынның көлігіне ұрлыққа түсіп, қолына ілінгенді жымқырып кеткен. Аталған жайт ҚР ҚК 188-бабы 3-бөлігінің 3-тармағымен тіркеуге алынды.

Қазіргі таңда күдікті қамауда. Ол жұмыс іздеп келген Шардара ауданының тұрғыны болып шықты. Бұрын да бірнеше рет осындай қылмыстар жасап, сотты болған. Алайда өзінің бұрынғы соттылығынан тиісті нәтиже шығармастан түзелу жолына түспей, қайта қылмыс жасап отыр.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға ұры-қарылардан сақтану үшін, қауіпсіздік шараларын қолдануға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру