Шымкенттік тұрғын көлігін заңдастыру үшін алаяққа 200 мың теңгеден астам ақша берген
Шымкенттік тұрғын көлігін заңдастыру үшін алаяққа 200 мың теңгеден астам ақша берген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай ауданының полицейлеріне алаяқтықтың құрбаны болғанын айтып, қала тұрғыны арызданды. Мамандандырылған ХҚКО-да танысқан азамат оны алдап кеткен.
Арызданушының айтуынша, ол халыққа қызмет көрсету орталығына өзінің шетелдік көлігін заңдастыру үшін барған. Дәл сол жерде оған белгісіз біреу келіп, әңгімеге тартып, көлік иесін өзіне осы қызметке тапсырыс беруге көндірген. Күдікті өз қызметі үшін ер адамнан 220 мың теңге алып, біраз уақыттан кейін қоңырауларға мүлдем жауап бермей, “ізін суытқан”.
– Алаяқтық жайты ҚР ҚК-нің 190-бабы бойынша СДТБТ-ға тіркелді. Күдікті ұсталып, полиция басқармасына жеткізілді. Қазір оған қатысты ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылды. Анықтаушылармен күдіктінің кінәсі туралы айғақтар жиналды. Жақын арада жинақталған іс-құжаттар айыптау актісімен бірге сотқа жіберіледі, – дейді Абай АПБ-ның анықтаушысы Бекзат Сүгір.
Полицейлер азаматтарды бейтаныс адамдарға сенбеуге, мемлекеттік қызметті тек тиісті мемлекеттік мекемелерден алуға шақырды.