Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда тыйым салынған уақытта арақ сатқан кәсіпорын жауапқа тартылды

Петропавлда тыйым салынған уақытта алкоголь сатқан кәсіпорынға 500 мың теңгеден астам айыппұл салынды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Петропавл қаласындағы сауда орындарының бірінде полиция қызметкері қарапайым сатып алушы ретінде бақылау жүргізу барысында тыйым салынған уақытта алкоголь өнімінің сатылу дерегін анықтады.

Оқиға шамамен сағат 23:00-де болған. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, құрамында спирті жоғары алкоголь өнімдерін сағат 21:00-ден келесі күнгі сағат 12:00-ге дейін алып шығу үшін сатуға тыйым салынады. Сатып алушы алкоголь өнімін сатып алып, дүкеннен шыққан сәтте полиция қызметкері учаскелік полиция инспекторын шақырып, құқық бұзушылықты рәсімдеді.

Жиналған материалдар сотқа жолданды. Кәсіпорын өкілі сауда орнының жанында дәмхана жұмыс істейтінін және сатушының алкоголь өнімін тек сол жерде тұтынуға болатынын ескерткенін алға тартты. Алайда сот алкоголь өнімінің іс жүзінде алып шығу үшін сатылғанын негізге алып, кәсіпорынға 519 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салды. Сонымен қатар алкоголь өнімдерін сатуға берілген лицензияның қолданылуы бір ай мерзімге тоқтатылды.

Петропавл қаласы полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов кәсіпкерлермен кездесулер барысында алкоголь өнімдерін өткізуге қатысты заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігін бірнеше рет атап өткен болатын.

Оның айтуынша, қалада жасалатын әрбір төртінші қылмыс алкогольдік масаң күйде жасалады. Жыл басынан бері алкоголь өнімдерін өткізу қағидаларын бұзудың 67 дерегі және тиісті рұқсатсыз сауда жасаудың 29 фактісі тіркелген. Оның ішінде сегіз құқық бұзушылық дәмхана мен барларда анықталған.

Полицейлердің айтуынша, алкоголь өнімдерін заңсыз сату қоғамдық қауіпсіздікке елеулі қатер төндіреді. Сондықтан мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы профилактикалық және бақылау шаралары тұрақты түрде жалғасады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру