Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Офицердің арқасында балаларым әкесіз қалмады": павлодарлық тұрғын өзін құтқарған полицейге алғыс айтты

Павлодар облысы ПД жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкері Болатбек Досмағамбет бірнеше күн бұрын суға батып бара жатқан жерінен құтқарып қалған азаматтың халін білу үшін ауруханаға барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл құтқару оқиғасы әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Сабындыкөл көлінде күнделікті патрульдеу кезінде демалушылардың бірі суға бата бастайды. Сол сәтте тез әрі батыл әрекет ету қажет болды. Полицей бір сәт те ойланбастан суға секіріп, азаматты құтқарып қалды.

Науқастың жағдайы тұрақтанғаннан кейін офицер ауруханаға арнайы барды. Дәрігерлерден оның сауығу барысын сұрап, тезірек сауығып, отбасына аман-есен оралуына тілектестік білдірді. Сондай-ақ құтқарылған азаматпен де әңгімелесіп, оның алғысын қабылдады.

– Мен басқаша әрекет ете алмайтын едім, кез келген азамат дәл осылай істер еді деп ойлаймын. Сол сәтте қауіп-қатер туралы ойлаған жоқпын, ең бастысы – адамды аман алып қалу болды. Бүгін Бәкет ағаның жүзінен күлкі көріп отырғаныма өте қуаныштымын. Біз көп нәрсе жайында сөйлестік, ол маған ақыл-кеңесін айтып, денсаулық пен қызметіме сәттілік тіледі, – деп өз ісін қарапайым түрде түсіндірді полицей.

– Болатбектің жедел әрекеті мен батылдығының арқасында балаларым әкесіз қалмады. Сол күні күн өте ыстық болды, шомылуға барған едім. Әдеттегідей суға түстім, одан кейінгісін есіме түсіре алмаймын. Қазір аман-есенмін, туған-туыстарыммен сөйлесіп отырмын. Мұның бәрі полиция қызметкерінің арқасы. Оған зор денсаулық, өмір жолында әрдайым сәттілік тілеймін. Мені құтқарып қалғаны үшін және оны осындай азамат етіп тәрбиелеген ата-анасына өмір бойы алғысымды білдіремін, – дейді Бакет Нұрғалиұлы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру