38 сотталған азамат құжаттандырылды
Жыл басынан бері Қызылорда облысының түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан 38 сотталған азамат құжаттандырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқан азаматтарды құжаттандыру жұмысымен арнайы есепке алу бөлімінің қызметкерлері айналысады.
Қызылорда қаласындағы ЗК-169/5 мекемесінің арнайы есепке алу бөлімі мен қалалық көші-қон бөлімінің қызметкерлері мекемеде жазасын өтеп жүрген азаматтарды құжаттандыру мәселелері бойынша тығыз жұмыс жасайды. Нәтижесінде жыл басынан бері 38 сотталған азаматтың жеке куәлігі қайта ресімделген. Олардың бірінің жеке куәлігінің мерзімі өтіп кетсе, бірінің тіпті жеке куәлігі де жоқ.
– Жеке басын куәландыратын құжаттың болмауы сотталған азаматтардың алдағы өмірін қиындатады. Қазіргі таңда тағы 14 сотталған азаматтың жеке куәліктері дайындалуда. Сотталған азаматтар мекемеден босатылғаннан кейін тұрғылықты мекенжайына барып тіркеліп, жұмысқа орналасады, денсаулық жағдайына байланысты жергілікті емханаларға тіркеледі. Мекемеде жазасын өтеушілер арасында шетел азаматтары да бар. Оларды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға тіркеу мақсатында сегіз шетел азаматына уақытша жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) алып берілді, – деді арнайы есепке алу бөлімінің бастығы Н.Молдағалиқызы.