387 қазақстандық азамат шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін жауапқа тартылды
Көші-қон саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 3 маусымнан бастап елімізде “Заңсыз келуші – 2024” кең ауқымды операциясы жүргізіліп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Операцияның үш күнінде көші-қон заңнамасын бұзудың 5,5 мыңға жуық дерегі тіркелді. Оның ішінде шетелдіктердің елде болу мерзімдерін бұзу, елден шығудан жалтару және заңсыз жұмыс істеу бойынша құқық бұзушылықтар бар.
Осы саладағы құқық бұзушылықтар шетелдік жұмысшылар тарапынан да, жергілікті жұмыс берушілер тарапынан да жасалған.
Шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін 387 қазақстандық жұмыс беруші жауапқа тартылды.
Негізінен жұмыс берушілер жұмысқа алу бойынша рұқсатты рәсімдеуден жалтарады, ал жұмысшыға құқық бұзушылықтар туралы хабарланбайды. Мұндай фактілердің басым бөлігі Алматы, Астана, Шымкент қалаларында және Маңғыстау облысында анықталды.
Көші-қон қызметі жұмыс берушілерге Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін пайдалану қағидаларын бірнеше рет бұзған жағдайда қылмыстық жауапкершілік көзделетінін ескертеді.
“Заңсыз келуші – 2024” операциясы кезінде көші-қон ережелерін бұзған 605 шетелдік елден шығарылды. Олар енді бес жыл Қазақстанға кіре алмайды.