Зират басында “тірілген әруақтар”. 40 жыл полицияда қызмет еткен ардагердің естелігінен
Біздің заманымызда өмір бойы бір мамандыққа адал болып өту, сирек кездесетін құбылыс. Дегенмен, күнделікті қарбалас пен қиындықтың ортасында жүретін полицейлер арасында мұндай жандар баршылық. Солардың бірі – ардагер Асылбек Апахаев. Ол ғұмырының 40 жылын ішкі істер органдарында қызмет етуге арнаған. Ендеше Polisia.kz журналисі ардақты ардагер туралы дайындаған очеркін назарларыңызға ұсынады.
Асылбек Бегайдарұлы 1961 жылы 10 маусым күні Қызылорда қаласында дүниеге келген. Биыл Асылбек ағамыздың құқық қорғау саласында қызмет атқарғанына 40 жыл толды.
Еңбек жолының басталуы
Кішкентайынан погон таққандарға еліктеп өскен жасөспірім жетінші сыныптан бастап Ленинградтағы “Суворов” мектебінде оқуды армандады. Бірақ бойының 2 см жетпеуіне байланысты тізімге кірмей қалды. Офицерлік мектепке түсе алмаған Асылбек Апахаев әскерге аттанып, Отан алдындағы борышын 1981-1983 жылдар аралығында Мәскеу қаласында өтеді.
Асылбек ағамыздың ішкі істер органдарындағы еңбек жолы 1984 жылы басталған. Ол әскерден келген соң Қызылорда облыстық ішкі істер басқармасының Автошаруашылық бөліміне қару шебері болып жұмысқа орналасты.
Алматы арнайы милиция мектебін, Қарағанды ІІМ Заң институтын тәмамдаған Асылбек Бегайдарұлы ұзақ жылдар бойы құқық қорғау саласында қызмет атқарып келеді. Атап айтқанда Қызылорда, Жамбыл, Қарағанды облыстарында криминалдық полиция, әкімшілік полиция салаларында еңбек еткен. 2003 жылы ІІМ орталық аппаратына жұмысқа келіп, әкімшілік полиция комитетінде түрлі лауазымдарда қызмет атқарды. 2003-2012 жылдары әкімшілік полиция комитеті бастығының орынбасары лауазымында болды. 2012 жылы полковник шенінде зейнетке шықты.
Алайда Асылбек Бегайдарұлы зейнетке шықтым екен деп жатып алмай, атаулы саладағы жұмысын әрі қарай жалғастыруда. 2014 жылдан бастап, осы күнге дейін ҚР ІІМ Құжаттамалық қамтамасыз ету басқармасында құпия іс жүргізу тобының сарапшысы.
Қызметтегі қызықты сәттер
Асылбек ағамыздың сонау тоқсаныншы жылдардағы өтпелі кезеңде атқарған еңбегін еске алмай кетсек әбестік болар. Осы қиын-қыстау заманда Жамбыл өңірінде қызметте жүрген уақытын Асылбек ағамыз ерекше толқыныспен еске алады.
– Тараз қаласында қылмыс өршіп тұрды. Мен Заводской бөлімінде қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы болдым. Сол жылдары бізге жергілікті тұрғындардан марқұм болып кеткен туыстарының бейіт басындағы қоршауларын кесіп, ұрлап жатқаны туралы арыздар түсе бастады. Мұндай шағымдар күн өткен сайын көбейіп кетті. Бейіттерге жақын жерде орналасқан қарамағымдағы қызметкерлерге зират қоршауын қиратып жүргендерді табуға тапсырма бердім. Ешқандай нәтиже шықпағасын жаныма үш-төрт учаскелік полицейді ертіп алып, қас қарая бейіттің басына барып жаттық. Қолымызда қаруымыз, өлілермен өлі кейіпке еніп, дымымызды білдірмей жер жастандық. Осылай үш-төрт күн жалғасты, ешқандай нәтиже болмады. Соңғы күні түнгі сағат екі-үштің кезі, зират басында шам жоқ, тас қараңғы. Кенет бірдеңе сықырлады. Металл кесіп жатқан араның дауысы алыстан естілді. Қашып кетпесін деп қолымыздағы фонарды жақпай қастарына жетіп бардық. Барсақ, екі адам кәдімгі, арамен екі жағынан кесіп, сынған темірлерді қапқа салып жатыр екен. Бейіттегі әруақтар тіріліп келіп қалды деп ойлады ма, бізді көріп, қатты шошыды. Екеуі де мас. Көлікке олжаларымен бірге отырған екеу бізді металл өткізетін қабылдау пунктіне бастап барды. Метал қабылдаушылардың да түсініктемелерін алып, бүкіл материалды рәсімдеп сотқа жібердік, – дейді Асылбек Бегайдарұлы.
Асылбек Апахаев криминалдық полиция басқармасының құрамында жедел құрықтау операцияларына белсене атсалысқан тәжірибелі полицей. Ол 2000 жылы Тараз өңірінде атышулы Қырықбаевтың бандасын құрықтау тобында болған.
Әріптестерінің ардагер туралы пікірі
Асылбек Бегайдарұлы негізінен әкімшілік полиция комитетінде көбірек қызмет атқарды. Атап айтқанда, учаскелік инспекторларға жетекшілік етті. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау, жасөспірімдер ісі жөніндегі бөлімшелерде де тер төкті.
Осы салаларда жұмысын атқара отырып, Асылбек Апахаев әйелдердің құқын қорғайтын, жасөспірімдердің мәселелерімен айналысатын қоғамдық ұйымдармен және темекіге қарсы ұйымдармен етене араласа отырып жұмыстанған.
Осы орайда, Асылбек Бегайдарұлының қарамағында жұмыс істеп, ол кісіні ұстаз тұтқан кіші әріптестерінің де ағамыз туралы ой-пікірін білген болатынбыз.
– Асылбек Бегайдарұлын сонау 2009 жылдан бері танимын. Ол кезде Асылбек ағамыз әкімшілік полиция комитетінде басқарма бастығының орынбасары қызметін атқарып жүрген еді.Сол жылы мен Астана қаласы Сарыарқа аудандық полиция басқармасында бөлімше бастығы қызметінде жүрген шағымда ол кісі маған телефон соғып, министрлікке келуімді сұрады. Жұмыс барысымен бірқатар сұрақ-жауап жүргізіп, маған ІІМ-де жұмыс істеуге ұсыныс жасады. Асылбек Бекайдарұлының басшылығымен жұмыс істеген кездері орасан зор тәжірибе алдым деп айта аламын. Асылбек Апахаев мінезі ашық-жарқын, жұмысты ұйымдастыру қабілеті зор, талапшыл, ұжымда беделді басшы болды. Зейнетке шығып кетсе де ІІМ-де әлі күнге дейін қызмет етіп келеді, өз ісінің патриоты. Әлі күнге дейін күнделікті жұмыс барысында құпия құжаттармен хат алмасу бойынша өзара іс-қимыл жасасып тұрамыз, – деді ІІМ экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті бірінші басқармасының басшысы Алмас Талқанбаев.
Қонаев қалалық ПБ бастығының бірінші орынбасары Дәурен Қозыбақов, Асылбек Бегайдарұлымен таныстығын былайша әңгімелеп берді:
– Асылбек Бегайдарұлы нағыз кәсіби маман, ІІМ-нің өте тәжірибелі қызметкері. 2001 жылы Алматы қаласындағы ІІМ полиция академиясын бітіргеннен кейін, Жамбыл облысына жұмысқа бардым. Байзақ аудандық полиция бөлімінде қылмыскерлерді іздеу бойынша қызметкер болып жұмыс жасап жүргенімде, Асылбек Бегайдарұлы бізге тексеріспен келді. Сол уақыттан бері таныспыз. Ол ұстаз ретінде маған жетекшілік ете бастады. Мен жас қызметкер болдым, көп нәрсені білмейтін едім. Асылбек аға ешқандай туыстық қарым-қатынасымыз болмаса да, өзінің адамгершілік қасиетін көрсетіп, маған өз інісіндей қарап, тәжірибе жүзінде барлығын үйретті. Кейіннен Астана қаласына ауысып кетіп, байланысымыз үзіліп қалған еді. 2004 жылы мен елордаға келгенімде тағдыр бізді тағы тоғыстырды. Астанада учаскелік полицей болып жұмыс жасап жүргенімде Асылбек Бегайдарұлы ІІМ-де бүкіл әкімшілік полицияға жетекшілік етті. Өте шыншыл, үлгілі азамат. Әлі күнге отбасылық дос ретінде де араласамыз. Ол кісі керемет отағасы, балалары өте тәрбиелі, тәртіпті. Ұлы мен қызы да мемлекеттік қызметте, жоғары лауазымдарда еңбек етеді. Асылбек Бегайдарұлымен таныстығымды әрдайым мақтанышпен айтамын. Ол үлкен жүректі азамат, – деді ол.
Асылбек Бегайдарұлы жұмысқа кірген кезден бастап бірінші комсомол ұйымы хатшысының орынбасарлығын атқара жүріп, қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысқан. ІІБ атынан спорттық жарыстардың – жүгіру, секіру, волейбол, баскетбол, қару ату секілді түрлеріне қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрді. Биыл 63 жасты алқымдаған ардагер полицей күні бүгінге дейін спортпен белсенді шұғылданады.
Асылбек Бегайдарұлы 2012 жылы полковник шенінде зейнетке шығады. Соның өзінде алысқа кетпей, ІІМ “Күзет” акционерлік қоғамында бас маман болып жұмысын жалғастырды. 2014 жылы Асылбек Бегайдарұлы ІІМ құжаттамалық қамтамасыз ету басқармасының құпия іс жүргізу тобына мемлекеттік қызметке жұмысқа шақырылып, содан бері он жыл бір жерде тапжылмай жұмыс жасап, жастарға тәлім тәрбие беріп, өмірлік тәжірибесін үйретіп келеді.
Бір ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірген Асылбек ағамыз бен жұбайы Гүлзейнеп апамыз бүгінгі күні немерелерінің ортасында ақылшы, отбасының ұйытқысы болып отыр. Ұлы Азамат пен қызы Айдана да мемлекеттік қызметте, немерелері Дильназ, Алдияр, Абылайхан атасына еліктеп полицей боламыз деп ниеттеніп жүр.
Полицияда 40 жыл қызмет ету – бұл үлкен құрметке лайықты жетістік. Ардагер өзінің мансабын қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге арнады және оның жұмысы біздің қоғамның дамуына айтарлықтай үлес қосты. Оның кәсібилігі, батылдығы мен адамгершілігі оны керемет полиция қызметкеріне ғана емес, көпшілік үлгі алатын жанға айналдырды.