Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

7 жыл бойы жасырынған зорлықшы ұсталды

Шымкент қаласында криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында топпен бірге зорлық жасап, сот төрелігінен жасырынып жүрген күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұған дейін полиция оның үш серіктесін тұтқындап, қылмыстық жауапкершілікке тартқан еді. Олар 2014 жылдың наурыз айында Шымкент қаласының Игілік ауылында Москвич-412 автокөлігінің салонында 23 жастағы таныс қызды зорлаған.

Қылмыскерді іздеуге республиканың қалалары мен облыстарының полиция департаменттерінің жеке құрамы бағытталды. Күдіктінің тұрған жерін анықтап, ұстау үшін көршілері мен туыстарынан, жақын достары мен таныстарынан, бұрынғы серіктестерінен жауап алынды. Ол бой жасыруы мүмкін мекен-жайлар тексерілді.

Тергеу органдарынан жасырынған күдіктіге мемлекетаралық, содан кейін халықаралық іздеу жарияланды. Оның бой тасалауы мүмкін елдерге – Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Ресей Федерациясының ІІМ-не бағдарлар жолданды.

Қылмыс жасалғанға дейін күдікті Ресей аумағына бірнеше рет барғаны анықталды. Осыған байланысты қазақстандық детективтер көрші елге іссапарға барды.

Соған қарамастан, жеті жыл іздеуден кейін жедел полиция қызметкерлері қашқынның орналасқан жерін анықтап, оны Шымкент қаласында, “Эврика” сауда орталығының жанында тұтқындады.

Ұсталған күдікті бой тасалап жүргенде туыстарымен және достарымен араласуын тоқтатқан. Әртүрлі қалаларда жалдамалы пәтерлерде тұрып, пәтерлер мен үйлерді жөндеумен айналысқан.
Әшкере болып қалмас үшін ол үнемі қалпақ, қара көзілдірік киіп, мұрт пен сақалын өсірген. Адамдар көп жиналатын жерлерге, қоғамдық орындарға бармайтын болған.

Қазіргі уақытта күдікті Шымкент қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру