Қарағандыда қоғамдық көліктерде жүрген қалта ұрысы ұсталды
Қарағандыда қоғамдық көліктерде жүрген қалта ұрысы ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
26 қарашада Қарағанды қаласының ПБ Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері мүліктік қылмыстардың алдын алу және жолын кесу бойынша жедел іс-шаралар жүргізді. Сағат 19.00-де олар полицейлерді көріп, қашып кетпек болған бір азаматты байқайды.
Жедел қызметкерлер 38 жастағы күдікті адамды ұстады. Күдікті он минут бұрын автобуста жолаушылардың бірінің сөмкесінен құжаттары бар әмиянды ұрлағанын мойындады. Айғақты заттар алынды. Полицейлер 33 жастағы жәбірленушіні тауып, әмиянды қайтарып берді.
ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында полицейлер ұсталған азаматтың маршруттық автобустарда жасаған осыған ұқсас тағы үш қылмысқа қатыстылығын анықтады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.