ІІМ Тергеу департаментінің бастығы болашақ тергеушілер мен заңгерлермен кездесті
ІІМ Тергеу департаментінің бастығы болашақ тергеушілер мен заңгерлермен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
3 желтоқсанда ІІМ Тергеу департаментінің бастығы С.Әділов М. Нарикбаев атындағы КазГЮУ, Л.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университеті және “Туран-Астана” университеттерінің студенттері, болашақ тергеушілер мен заңгерлермен кездесті.
Кездесу М.Нарикбаев атындағы КазГЮУ университетінде өтті.
Санжар Әділов адам саудасы саласындағы қылмыстарға қарсы іс-қимыл бойынша қабылданатын шаралар туралы дәріс оқыды.
– Адам саудасы қылмысы әлемдік проблемаға айналған. Қазақстанда да өршіп тұр. Себеп болып отырған басты факторлар: құлдыққа жегу, жезөкшелікке пайдалану, адам ағзасын сату. Шекараның ашық болуы, көші-қон ағынының күшеюі, экономиканың дамуына байланысты қылмыстың осы түрі мемлекетаралық және трансұлттық сипат алуы жиілеп кетті, – деді спикер.
С. Әділов болашақ заңгерлерді ар-ождан, жанашырлық, әділеттілік сияқты қасиеттерді дамытуға шақырды.
Сондай-ақ, студенттерге нақты оқиғаларға негізделген “Бахрейн Әмірлігі” бейнеролигі көрсетілді.
Тергеу департаментінің аса істер жөніндегі аға тергеушісі Аманжол Тілеубердиев “Бахрейн Әмірлігінде адам саудасы бойынша қылмыстық істі тергеу туралы” дәріс оқыды.
Дәріс соңында тындаушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қою мүмкіндігіне ие болды. Кездесу қызық пікірталасқа ұласты.
– Мен үшін адам саудасы қылмыстар туралы білу өте құнды. Мұндай кездесу жастар үшін ақпараттық және профилактикалық сипатта болады деп ойлаймын, – деді Л. Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің студенті.