Жамбылдық кәсіпкерлерге 3 млн теңгеден астам айыппұл салынды
Алкоголь өнімдерін сату ережелерін сақтамаған жамбылдық кәсіпкерлерге 3 млн. теңгеден астам айыппұл салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысы Полиция департаментінің қызметкерлері алкоголь және құрамында спирті бар өнімдерді сату ережелерін сақтау бойынша тұрақты түрде рейдтер жүргізеді. Тәртіп сақшылары күн сайын сауда нысандарын тексереді.
Түнгі сағат 01:30 шамасында жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында Тараз қаласының дүкендерінің бірінде 30 жастағы дүкен иесі белгіленбеген уақытта 40% алкогольдік ішімдікті сатқаны анықталды. Жеке кәсіпкерге ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Тағы бір жағдайда Тараз қаласының дүкендерінің екі сатушысы кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімдерін сатқан. Бұл бұзушылық үшін олар ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабы 3-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды. Енді тәртіп бұзушыларға айыппұл салынады.
Жыл басынан бері полиция қызметкерлері жоғарыда аталған бап бойынша 131 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты, оларға жалпы көлемі 3 млн. теңгеден астам айыппұл салды.