Жамбылдық полицейлер 36 тонналық катер тиеген жүк көлігінің жүргізушісіне көмектесті
Жамбылдық полицейлер Меркі ауданындағы көлік жолында бортына 36 тонналық катер тиеген жүк көлігінің жүргізушісіне көмекке келді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
7 желтоқсанда Жамбыл облысының Полиция департаменті баспасөз қызметінің электрондық поштасына «маңызды» деген белгісі бар ақпарат келді. Хабарламада Жамбыл облысының Меркі ауылында жолайырықтың жанындағы А-2 автомагистралінде қозғалыс бағыттары көрсетілген ақпараттық арка алдында ірі габаритті жүк көлігі тоқтап тұрғаны жөнінде айтылған.
Автомобиль көлік жолында тұрып, бұрыла алмаған, ал қарама-қарсы бағытта кері жүруге тыйым салынғандықтан, патрульдік полицияның жедел көмегі қажет болды.
Аталған хабарлама сол сәтте Жамбыл облысының ПД патрульдік полиция батальонының командиріне жеткізіліп, ол жақын маңдағы экипажды көмекке жіберді.
Оқиға орнына жеткен патрульдік полицейлердің көмегімен бортында 36 тонналық катері (теңіз кемесі) бар MAN TGA 480 ірі көлемді көлікті кері бұрылу үшін артқа 5 километр жүріп өтті. Арнайы жол операциясы сәтті өтіп, ауыр жүк көлігі Алматы облысы бағытына жолын жалғастырды.
Жүргізуші жамбылдық полицейлерге көрсеткен көмегі үшін алғыс айтты.